Фото: pexels.com
Қазақстанда алғаш рет жеке тұлғаларға автокөлік лизингі қолжетімді болмақ. Бұған дейін бұл құралды тек заңды тұлғалар пайдаланып келген. Мұндай мүмкіндік ішкі сауданы реттейтін қағидаларға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде іске асады.
Жобаны іске қосу туралы шешім Индустрия және құрылыс министрлігінде өткен жиынның қорытындысы бойынша қабылданды. Мемлекет пен үкіметтің бастамасы азаматтарға жаңа қаржылық құралдарды қолдану тәжірибесін тексеруге және әлеуетті сұранысты бағалауға бағытталған.
Бастаманы ForteLeasing және қазақстандық автокомпания Allur жүзеге асыруда. Жобаның алғашқы кезеңінде жеке клиентке Kia Soluto автокөлігі рәсімделді. Алдын ала шарттар бойынша жылдық мөлшерлеме – 15%, бастапқы жарна – 10%-дан басталады. Бұл параметрлер реттеуші модель толық бекітілгеннен кейін өзгеруі мүмкін. Мөлшерлеме қарыз алушының қаржылық тұрақтылығы мен төлем қабілеттілігіне байланысты белгіленеді.
«Бұл – нарық үшін маңызды кезең. Ол халыққа автокөлік алудың баламалы құралдарына қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді. Жобаның бастапқы кезеңі клиенттердің нақты қажеттіліктерін анықтауға, рәсімдеудің ыңғайлылығын бағалауға және бағдарламаны әрі қарай енгізу үшін практикалық ұсыныстар әзірлеуге көмектеседі», – деді ForteLeasing басқарма төрағасы Талап Рахманов.
Kia компаниясы да жобаның маңыздылығын атап өтті.
«Жеке тұлғаларға арналған автолизинг бағдарламасына қатысу – Қазақстандағы брендтің танымалдылығын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Жоба жаңа автокөліктерді тұрғындар үшін қолжетімді етуге үлкен мүмкіндік береді», – деді Kia дистрибуциясының директоры Данияр Уразбаев.
Жоба аясындағы алғашқы мәміле операциялық процестерді тексеруге, ықтимал шектеулерді анықтауға және тетікті кеңейту бойынша ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді. Нәтижелер талданғаннан кейін жеке тұлғаларға арналған лизингті басқа модельдер мен брендтерге тарату мүмкіндігі қарастырылмақ.
