Фото: Ашық дереккөз
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап құрылыс компаниялары 16% мөлшерінде қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеуге міндеттеледі. Осы өзгеріс қарсаңында қазақстандықтар пәтерді 2025 жылғы бағамен сатып алуға асығып отыр. Ult.kz тілшісі нарықты зерттеуші, «Ui Alaiyq» компаниясының негізін қалаушы Мадина Болатханқызымен 2026 жыл тұрғын үй бағасына қатысты болжамын сұрап көрді.
Бағаның өсуі: күрт емес, таңдамалы
Нарықтағы бағалауларға сәйкес, 2026 жыл тұрғын үй бағасы күрт өсетін кезең болмайды. Бұл — нарықтың бейімделу және қайта теңгерілу жылы. Баға өсімі жаппай емес, таңдамалы сипат алады.
Өтімді, сұранысы жоғары жобаларда баға өсуі мүмкін;
Орта сегментте баға тұрақтауы ықтимал;
Шектен тыс қымбаттаған объектілерде түзету жүруі ғажап емес.
Сатып алушылардың талғамы артқан: қазір шешім пәтердің сапасы мен экономикалық тиімділігіне негізделеді. Сарапшының айтуынша, тұрғын үй нарығы ұялы қаржыландыру, мемлекеттік бағдарламалар мен сұранысқа тікелей байланысты.
Мадина Болатханқызы. Фото: Әлеуметтік желіден
Бағаның төмендеуі мүмкін емес
«Үй бағасы айтарлықтай арзандайды деп айту қиын, керісінше, баға төмендемей, өз деңгейінде сақталып отыр. Бұл ең алдымен пайыздық мөлшерлемелерге байланысты.
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені белгілі бір деңгейде ұстап тұрғанымен, қазіргі жағдайда халық үшін үй алу жеңілдеп кетті деп айтуға болмайды. Себебі биыл ипотекалық несиелер бойынша талаптар айтарлықтай қатаңдады. Отбасы банкінен өзге банктердің барлығында дерлік несие мөлшерлемелері өсті. Тіпті Отбасы банкінде де комиссиялар мен қосымша төлемдер артты, бұл тұрғын үй алу құнын жанама түрде қымбаттатуда.
Бастапқы нарыққа келсек, жаңа үйлердің бағасы құрылыс материалдарының қымбаттауына тікелей тәуелді. Құрылысқа қажетті материалдардың басым бөлігі импортталады, ал олардың бағасы валюта бағамына байланысты. Бұдан бөлек, жұмыс күші, жаңа технологиялар мен логистика шығындары да өсіп отыр. Осы факторлардың барлығы тұрғын үй бағасының төмендеуіне жол бермейді.
Қайталама нарықта бағаның біршама өсуі мүмкін, алайда күрт қымбаттау күтілмейді. Бұл – қазіргі нарықтағы нақты көрініс. Сонымен қатар, банктер тарапынан комиссиялық төлемдердің әлі де өсу ықтималдығы бар», – дейді Мадина Болатханқызы.
Жаңа құрылыстардағы бағаға әсер ететін факторлар
Жаңа құрылыстардағы бағаға әсер ететін негізгі факторлар:
Құрылыс материалдарының қымбаттауы;
Салық жүктемесінің артуы;
Қарыз қаражатының қымбат болуы.
Алайда бұл факторлар барлық жобада бірдей баға өсіміне алып келмейді. Бағаны негізінен ірі әрі сенімді компаниялар ғана көтере алады.
Сұраныс және нарықтағы сегменттер
«Сұраныс мәселесі әрқашан сақталады. Эконом, комфорт немесе бизнес-класс болсын – әр санатта өз сатып алушысы бар.
Эконом және эконом-комфорт сегментінде сұраныс жоғары, көбіне мемлекеттік бағдарламалар арқылы алғаш рет үй алып жатқан азаматтарға байланысты.
Бизнес-класс тұрғын үйлеріне де сұраныс бар, бірақ негізінен төлем қабілеті жоғары адамдар есебінен қалыптасады. Қолма-қол төлем жасалған жағдайда кейде бағаны келісу мүмкіндігі бар.
Қорытындылай келе, тұрғын үй бағасы арзандайды деп күту орынсыз. Бағаның уақытша тұрақтауы мүмкін, бірақ төмендеу болмайды. Ең бастысы – бастапқы жарнасы бар, төлем қабілетті азаматтар үшін нарық әрқашан ашық. Ал талаптар қатаңдаған сайын, банктерден төмен мөлшерлемемен несие алу үшін алдын ала қаржылық дайындық қажет», – деп атап өтті Мадина Болатханқызы.
ҚҚС енгізу әсері
ҚҚС енгізілуі девелоперлердің баға саясатына әртүрлі ықпал етеді:
Бір бөлігі бағаны 5–8% көтеруі мүмкін;
Кейбірі табыстылығын қысқартып, бағаны ұстап тұрады;
Әлсіз компаниялар жеңілдіктер ұсынуға мәжбүр болады.
Қорытындысында, 16% ҚҚС тұрғын үй нарығында күрт өзгеріс емес, кезең-кезеңімен бейімделу процесін қалыптастырады. 2026 жылы қосылған құн салығының өсуі халықты баспанаға «алдын ала» сұранысты арттыруға итермеледі, ал құрылыс компаниялары сатылымды жеделдетуге тырысты.
Ақбота Мұсабекқызы
