Ақтөбе облысында жүргізуші куәлігін емтихансыз алып беремін деген уәдеге сенген 27 жастағы тұрғын алаяқтың құрбаны болды, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, жыл басынан бері өңірде жүргізуші куәлігін заңсыз рәсімдеп беремін деген желеумен жасалған 56 алаяқтық дерегі тіркелген.
Кезекті жағдайда жәбірленушінің танысы оған 300 мың теңгеге «В» және «С» санатындағы жүргізуші куәлігін еш қиындықсыз алып беруге уәде еткен. Алайда ақшаны алғаннан кейін уәдесін орындамай, қаражатты иемденіп кеткен.
Жедел іздестіру шаралары барысында күдікті анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Полиция азаматтарға жүргізуші куәлігі Қазақстанда тек заңда белгіленген тәртіппен берілетінін еске салды. Ол үшін тиісті оқудан өтіп, теориялық және практикалық емтихандарды сәтті тапсырып, құжаттарды уәкілетті мемлекеттік органдар арқылы рәсімдеу қажет.
Құқық қорғау органдары емтихансыз немесе заңсыз жолмен жүргізуші куәлігін алып беруге уәде ететін адамдарға сенбеуге шақырады. Мұндай ұсыныстардың артында көбіне алаяқтық әрекеттер тұрады.