Қазақстанда республикалық маңызы бар автожолдарды жөндеуге бөлінген 9,8 млрд теңгенің тиімсіз жұмсалуына жол берілмеді, деп хабарлайды ult.kz.
Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, көлік прокурорлары жол жобаларын тексеру барысында бірқатар қаржылық және техникалық мәселені анықтаған.
Ресей шекарасы (Самара бағыты) – Шымкент автожолын орташа жөндеу жобасында кейбір учаскелер Ұлғайсын – Сексеуіл жолын қайта жаңғырту жобасына да енгізілген. Прокуратураның араласуынан кейін жұмыс көлемі қайта қаралып, нәтижесінде 7,1 млрд теңге үнемделген.
Ал Жетібай – Жаңаөзен – Кендірлі – Түрікменстан шекарасы автожолын күрделі жөндеу жобасында бірқатар материалдар мен жұмыстардың құны дұрыс есептелмеген.
Смета қайта қаралғаннан кейін жобаның құны 21,6 млрд теңгеден 18,9 млрд теңгеге дейін төмендеді. Осылайша, бұл жоба бойынша тағы 2,7 млрд теңге үнемделген.
Жалпы, прокуратураның мәліметінше, екі жоба бойынша 9,8 млрд теңгенің тиімсіз жұмсалуына жол берілмеген.
Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліске Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы туралы есебі енгізілген. Жоғары аудиторлық палатаның төраға орынбасары Дания Еспаева бюджетте 335 млрд теңге тапшылық бар екенін мәлімдеген.