Жетісуда анасы мен қызы 25 млн теңге бопсалады деген күдікпен ұсталды

Жетісуда анасы мен қызы 25 млн теңге бопсалады деген күдікпен ұсталды
baq.kz

Жетісу облысында 19 жастағы бойжеткен мен оның 41 жастағы анасы 25 миллион теңге көлемінде ақша бопсалады деген күдікке ілінді. Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ult.kz.

Әлеуметтік желілерде Көксу аудандық полиция бөлімінің алдында күдіктілердің туыстары жиналған сәт түсірілген видео тарады. Кадрдан қолында емізулі сәбиі бар егде жастағы әйелді көруге болады. Туыстарының айтуынша, ұсталған бойжеткеннің сегіз айлық сәбиі анасының қарауынсыз қалған.

Олардың мәліметінше, жас ана баласының әкесімен кездесуге барған. Туыстары ер адамның оған 25 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетуге уәде бергенін алға тартады. Алайда кездесу кезінде бойжеткенді полиция қызметкерлері ұстаған.

Ал Жетісу облыстық полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты өз мәлімдемесін жариялады.

Ведомствоның хабарлауынша, аса ірі көлемде бопсалау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Бұл қылмыс заң бойынша аса ауыр санатқа жатады.

Полицияның мәліметіне сәйкес, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қылмыстық жауапкершілікке тартпау үшін талап етілген 25 миллион теңгені алу кезінде екі күдікті әйел қылмыс үстінде ұсталған.

Қазіргі уақытта анасы мен қызы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оларға қатысты бұлтартпау шарасын таңдау мәселесін сот қарайды.