Жетісу облысында есірткінің ірі партиясын әрі қарай таратпақ болды деген күдікпен 19 жастағы жас жігіт ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, жедел ақпаратты тексеру барысында Көксу ауданының Балпық би ауылында жанармай құю станцияларының бірінің маңында Daewoo көлігі тоқтатылған. Көлік ішінде көршілес өңірдің 19 жастағы тұрғыны болған.
Автокөлікті тінту кезінде скотчпен оралған пакет табылған. Оның ішінен әрі қарай таратуға дайындалған ұнтақ тәрізді зат салынған 310 орама тәркіленді.
Сараптама нәтижесінде тәркіленген заттардың құрамынан психотроптық және есірткі заттары анықталды. Атап айтқанда, 65 грамнан астам мефедрон, 79 грамнан астам α-PVP және шамамен 17 грамм гашиш болған.
Осылайша, полиция есірткі мен психотроптық заттардың ірі партиясының әрі қарай таралуына жол бермеді.
Күдікті ұсталып, қамауға алынды. Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Тергеу барысында тыйым салынған заттардың қайдан алынғаны, оларды тарату арналары және істің өзге де мән-жайлары анықталуда.
Полиция есірткі заттарының заңсыз айналымы қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.