Freedom Inside '26

Жетісуда 16 миллион қазақстандықтың жеке деректері сақталған база анықталды

Жетісуда 16 миллион қазақстандықтың жеке деректері сақталған база анықталды
dauletten.kz

Жетісу облысында миллиондаған қазақстандықтың жеке мәліметтерін заңсыз пайдаланған деген күдікпен коллекторлық агенттіктің қызметі әшкереленді, деп хабарлайды ult.kz.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, күдіктілердің қолында азаматтардың деректері жинақталған арнайы ақпараттық жүйе болған. Базада адамдарды тегі, аты-жөні, ЖСН және ұялы телефон нөмірі арқылы іздеуге мүмкіндік жасалған.

Тергеу деректеріне сәйкес, жүйеде Қазақстанның шамамен 16 миллион азаматына қатысты ақпарат сақталған болуы мүмкін.

Заңсыз әрекет прокуратура және ҰҚК қызметкерлерімен бірлескен жедел шаралар барысында анықталған. Тергеу аясында деректер базасын ұйымдастыруға және пайдалануға қатысы бар деген күдікпен үш адам ұсталды.

Күдіктілердің тұрғылықты мекенжайлары мен жұмыс орындарында тінту жүргізіліп, компьютерлер, серверлік құрылғылар және мобильді техникалар тәркіленді. Сонымен қатар бірқатар азамат тексеру шаралары үшін полицияға жеткізілген.

Аталған дерек бойынша соталды тергеу басталды. Құқық қорғау органдары ақпараттың қайдан алынғанын, қандай мақсатта пайдаланылғанын және үшінші тұлғаларға таратылған-таратылмағанын анықтап жатыр.

Полиция жеке деректерді заңсыз жинау, сақтау және тарату заң бойынша жауапкершілікке әкелетінін ескертті.

Еске салайық, өткен жылы интернетте 16 миллион қазақстандықтың жеке деректері тарағаны туралы ақпарат шыққан болатын. Сол кезде уәкілетті орган мәліметтердің жүйені бұзу арқылы емес, заңды қолжетімділігі бар аккаунттар арқылы сыртқа шығарылуы мүмкін екенін мәлімдеген еді.