Жамбыл облысында полицейлер 8,5 келі марихуана тасымалдады деген күдікке ілінген жүргізушіні ұстады, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәләметінше, облыстық прокуратураның үйлестіруімен Шу алқабынан еліміздің өзге өңірлеріне есірткі тасымалының жолын кесуге бағытталған мобильді топтар тұрақты жұмыс істеп келеді. Жыл басынан бері олардың көмегімен есірткіні басқа өңірлерге жеткізудің сегіз арнасы анықталып, тоқтатылған.
"Қарасора – 2026" және "Канал – Янтарный берег" республикалық жедел-профилактикалық іс-шаралары аясында Жамбыл облысы полиция департаментінің қызметкерлері Шу – Қайнар тасжолында ВАЗ-21213 автокөлігін тоқтатып, тексерген.
Тінту барысында көліктен қапқа салынған, жалпы салмағы 8 келі 500 грамм марихуана табылып, тәркіленді. Арнайы операцияға "Бүркіт" арнайы мақсаттағы жасағының қызметкерлері мен Хэппи есімді қызметтік-іздестіру иті жұмылдырылған.
Аталған дерек бойынша аса ірі мөлшердегі есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз сақтау және тасымалдау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жалғасуда.