Виза уәдесімен 15 млн теңге жымқырған: Астанада күдікті әйел ұсталды

Виза уәдесімен 15 млн теңге жымқырған: Астанада күдікті әйел ұсталды
Ашық дереккөз

Астанада Түркия мен Вьетнамға виза рәсімдеп беремін деп азаматтарды алдаған 33 жастағы әйел ұсталды. Күдіктіге қатысты алты алаяқтық дерегі тіркелген. Келтірілген шығын көлемі шамамен 15 млн теңгені құрайды, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, Есіл аудандық криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні ұстаған. Ол азаматтарға шетелге шығуға виза алып беруге уәде етіп, қызметі үшін әртүрлі сомада ақша алған. Алайда қаражатты алғаннан кейін байланысқа шықпай қойған.

Қазіргі уақытта күдікті өз кінәсін толық мойындаған. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Полиция азаматтарды шетелге шығуға көмектесемін деген адамдарға бірден сене бермеуге шақырады. Мамандар виза рәсімдеу қызметін ұсынатын компанияның заңды мәртебесін тексеріп, келісімшарт талаптарын мұқият оқуға кеңес береді. Қызметтің шарттары толық түсінікті болмайынша ақша аудармаған жөн.