Вьетнамнан экстрадицияланған күдіктіге бес жылға дейін түрме жазасы қаупі төніп тұр

Вьетнамнан экстрадицияланған күдіктіге бес жылға дейін түрме жазасы қаупі төніп тұр
Видеодан скриншот

Вьетнамнан Қазақстанға халықаралық іздеуде жүрген шетел азаматы экстрадицияланды. Ол Қазақстанның құқық қорғау органдарынан жасырынып жүрген және биыл ақпан айында Вьетнам аумағында ұсталған. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады, деп хабарлайды ult.kz.

Тергеу мәліметінше, күдікті 2022–2023 жылдары сыбайласымен бірге Алматы қаласында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырып, қылмыстық әрекеттен 12 миллион теңгеден астам табыс тапқан.

Күдіктінің сыбайласы бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ал шетелдік азамат тергеуден бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланған болатын.

Экстрадицияланғаннан кейін ол тергеу изоляторына қамалды.

Бас прокуратураның мәліметінше, айып дәлелденген жағдайда күдіктінің мүлкі тәркіленіп, бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанға World Business Consulting қаржы пирамидасы ісі бойынша күдікті де экстрадицияланған болатын. Ол 2026 жылдың қаңтарында Грузияда ұсталған еді.