«Отбасы банк» әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекасына өтінім қабылдауды 31 тамызда бастайды. Бағдарлама бойынша жаңа және қайталама нарықтан баспана алуға, сондай-ақ тұрғын үйді жөндеуге несие рәсімдеуге болады, деп хабарлайды ult.kz.
Ипотеканың мөлшерлемесі – жылдық 14,8 пайыз, ЖТСМ – 16,3-16,8 пайыз. Бағдарлама Қазақстанның барлық өңірінде жүзеге асырылады. Өзге жылжымайтын мүліктің болуы қатысуға кедергі емес.
Бағдарламаға отбасының табысы 1,25 млн теңгеден аспайтын, соңғы алты айдағы төлем қабілетін растай алатын әйелдер қатыса алады. Сатып алынған немесе жөнделетін үйде қарыз алушының өзі тұруы тиіс.
Тұрғын үй сатып алуға берілетін қарыздың ең жоғары сомасы – 50 млн теңге, ал жөндеуге – 15 млн теңгеге дейін.
Бастапқы жарна Алматы мен Астанада кемінде 20 пайыз, өңірлерде 15 пайыз болуы керек. Қарыз сомасының 80 пайызына дейін банк қаржыландырады.
Өтінімді «Отбасы банктің» сайтындағы «Бейнеқызмет» немесе «Баспана Маркет» арқылы онлайн беруге, сондай-ақ банк бөлімшесіне жүгінуге болады.
Бағдарлама бойынша сатып алынатын тұрғын үй әйелдің атына рәсімделеді. Некеде болған жағдайда баспана ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкі ретінде тіркеледі.