Ұлытау облысында есірткіні заңсыз айналымға жеткізудің өңіраралық арнасына тосқауыл қойылды. Арнайы операция «Қарасора – 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жүргізілген, деп хабарлайды ult.kz.
Ұлытау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікпен өңір тұрғыны ұсталды.
Күдіктінің тұрғылықты жерін тінту кезінде жалпы салмағы 38 келі марихуана тәркіленді. Сонымен қатар қос ұңғылы мылтық пен оқ-дәрілер табылған.
Алдын ала мәлімет бойынша, есірткі заттары заңсыз айналымға енгізу мақсатында еліміздің оңтүстік өңірлерінен Ұлытау облысына жеткізілген.
– Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында есірткінің қайдан алынғаны, тасымалдау жолы және қылмысқа қатысы болуы мүмкін өзге де тұлғалар анықталады, – деді Ұлытау облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Ербол Қайрбеков.
Полиция есірткі заттарын заңсыз жеткізу мен өткізудің жолын кесуге бағытталған жедел жұмыстар жалғасып жатқанын хабарлады.