Жамбыл облысында өзіне қол жұмсады деп болжанып отырған келіншек жер қойнына тапсырылды. Қайтыс болған әйелдің туыстары оның өз-өзіне қол жұмсағанына сенбейтінін айтуда, деп хабарлайды ult.kz.
Марқұмның жаназасына қатысқан журналист әлеуметтік желідегі жазбасында қайынжұртының жерлеуге келмегенін мәлімдеді. Оның айтуынша, марқұмның артында 8 айлық сәбиі қалған.
«Туыстары өзін-өзі өлтірді дегенге сенбейді», – деп жазды ол.
Сондай-ақ әлеуметтік желіде марқұмның құрбысына қатысты түрлі пікірлер тараған. Алайда жаназаға қатысқан автор құрбысының марқұмның отбасына барынша көмектесіп жүргенін айтты.
Оның сөзінше, құрбысы жерлеу рәсімін ұйымдастыруға атсалысып, қажетті ақпараттарды таратып, марқұмның анасына қолдау көрсеткен.
«Тредста құрбысын қаралап жатқандар бар. Бірақ ол қыз сияқты шырылдап тұрған адам жоқ. Жүгіріп көмектесіп, жан-жақты ақпарат таратып жүр. Құрбысының анасына қолдау білдіріп, жанында тұрды», – деп жазды автор.
Ол марқұмның анасының қайғысын және 8 айлық сәбидің анасын іздейтінін ойлаудың ауыр екенін атап өтті.
Жамбыл облысы полиция департаментінің мәліметінше, әйелдің өлімі бойынша Қылмыстық кодекстің өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бабымен сотқа дейінгі тергеу басталған.
«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – деп хабарлады полиция.
Тергеу нәтижесінде әйелдің өліміне қатысты барлық мән-жайға құқықтық баға беріледі.
Айта кетейік, Жамбыл облысында отбасылық жанжалдан кейін келіншек өзіне қол салған.