Түркістан қаласында зейнеткер өгей ұлы мен келінін пышақтап өлтірді деген күдікке ілінді. Жантүршігерлік қылмыс қарияның үйінде болған, деп хабарлайды ult.kz.
Көршілерінің айтуынша, ер адам оқиғадан кейін полицияға өзі хабарласып, болған жағдайды айтқан. Кейін оны тәртіп сақшылары ұстап әкеткен.
Қанды оқиға болған үйде бұған дейін ерлі-зайыпты қарттар тұрған. Көршілердің сөзінше, соңғы бес айда қарияның әйелі төсекке таңылып, күйеуі оған күтім жасаған. Кейін науқас әйел қайтыс болып, оны жерлеуге Қызылордадан ұлы мен келіні келген.
Тұрғындардың айтуынша, жанжал жерлеу рәсімінен кейін басталған. Кикілжің кезінде қария өгей ұлы мен келініне пышақ сұққан деген болжам бар. Екі жәбірленуші де жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмған. Көршілері мүлікке таласқан деп ойлайды.
Көршілер марқұмдардың бірінің денесі үйдің ішінен, екіншісінің ауладан табылғанын айтқан. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.