Туристер саны артты: Қазақстан 2025 жылы 15,7 млн шетелдікті қабылдады

Туристер саны артты: Қазақстан 2025 жылы 15,7 млн шетелдікті қабылдады
ашық дереккөз

Қазақстанда туризмді дамытуға бағытталған жұмыстар күшейіп келеді. Үкіметтің мәліметінше, салаға салынған инвестиция көлемі соңғы екі жылда айтарлықтай артқан, деп хабарлайды ult.kz Үкімет сайтына сілтеме жасап.

2025 жылдың қорытындысы бойынша туризмнің ел экономикасына қосқан үлесі 5 трлн теңгеге жетіп, салада 600 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды.

Қазір елімізде жалпы құны 1,3 трлн теңге болатын 328 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың іске қосылуы 10 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ халықаралық деңгейдегі 25 жаңа қонақүй кешені бой көтермек.

Қазақстанға туристер көптеп келе бастады

2025 жылы Қазақстанға 15,7 млн шетелдік азамат келген. Оның 11,1 миллионы туристер санатына жатқызылған. Шетелдік қонақтардың ел ішіндегі шығыны 2,9 млрд долларды құрады.

Қытайдан келетін туристер саны да артқан. Бір жыл ішінде Қытайдан келгендер саны 46,8%-ға өсіп, 960 мыңнан асты.

Ішкі туризм бойынша да өсім бар. 2025 жылы Қазақстан ішінде саяхаттаған азаматтардың саны 8,7 млн адамға жетіп, бір жылда 10,7%-ға артқан.

Курорттарға жол және әуе қатынасы жақсарады

Үкімет туристік нысандарға көлік қолжетімділігін арттыруға да көңіл бөліп отыр. Қатонқарағай, Зайсан және Кендірліде жаңа туристік әуежайлар салынып жатыр. Арқалық әуежайы қалпына келтіріліп, Балқаш әуежайы қайта жұмысын бастады.

Жазғы маусымда Алакөл, Балқаш, Түркістан, Бурабай және Каспий жағалауына аптасына 45 субсидияланатын әуе рейсі ұйымдастырылған. Сонымен қатар Алакөлге қатынайтын 10 пойызды қоса алғанда, 15 қосымша теміржол бағыты іске қосылды.

Алматы тау кластерін дамыту аясында 30 аспалы жол мен 161 шақырым тау шаңғысы трассасын салу жоспарланған. Ұзақ мерзімді мақсат – кластерге жылына 5 млн турист тарту.

Ұлттық парктерге кіру балалар үшін тегін

Экотуризмге де сұраныс артып келеді. 2025 жылы ұлттық парктерге 3,7 млн адам барған. Қорғалатын табиғи аумақтарда 179 туристік маршрут пен 42 экосоқпақ жұмыс істейді.

2026 жылдан бастап 18 жасқа дейінгі балаларға ұлттық табиғи парктерге кіру тегін болды.

Сонымен қатар туристерді тарту үшін шетелдік туристер әкелетін туроператорларға субсидия беру, балалардың әуе билеттерін субсидиялау, жол бойындағы сервистік нысандар мен санитариялық тораптардың құрылысын қолдау сияқты шаралар енгізіліп жатыр.