Павлодарда жеке үйге терезе арқылы кіріп, зергерлік бұйымдар мен өзге де мүлікті ұрлаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.
Полиция мәліметінше, ұрлық Жетекші кентіндегі үйлердің бірінде болған. Алдын ала болжам бойынша, күдікті терезені күшпен ашып, үйге кірген. Кейін іштен зергерлік бұйымдар мен тұрғындардың мүлкін алып кеткен.
Қалалық полиция басқармасы қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, күдіктінің жеке басын анықтаған. Ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
— Қазір тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Сонымен қатар ұсталған адамның осыған ұқсас басқа қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр, — деді Павлодар қаласы полиция басқармасының бастығы Балғабай Қапаров.
Полиция тұрғындарға үйдің қауіпсіздігіне мән беріп, есік-терезелердің беріктігін тексеруді және бағалы заттарды қараусыз қалдырмауды ескертті.