Шымкентте синтетикалық есірткі заттарын таратумен айналысты деген күдікпен Алматы облысының тұрғыны ұсталды. Операцияны қалалық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жүргізді, деп хабарлайды ult.kz.
Тергеу мәліметінше, күдікті қала аумағында автокөлікпен жүрген кезде қолға түскен. Көлікті тексеру барысында оның жүксалғышынан 1 келіден астам синтетикалық психотроптық зат табылып, тәркіленді.
Полицейлердің анықтауынша, ер адам бұл заңсыз әрекетпен өткен жылдан бері айналысқан. Ол есірткіні Алматы облысынан Шымкентке жеткізіп, алдын ала белгіленген жасырын орындарға қалдырып отырған. Кейін олардың орналасқан жерін мессенджер арқылы жолдап отырғаны белгілі болды.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.