Шу ауданында 110 гектар алқаптағы қарасора өртелді

Шу ауданында 110 гектар алқаптағы қарасора өртелді
Polisia.kz

Жамбыл облысында есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған "Қарасора – 2026" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 71 тонна жабайы қарасора жойылды, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz-тің мәліметінше, іс-шара барысында Жамбыл облысы полиция департаментінің Дельта–Долина ауданаралық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің базасында Қазақстан Республикасы ІІМ Алматы академиясының курсанттарына тәжірибелік сабақ ұйымдастырылды.

Курсанттар бөлімнің басшылық құрамымен және жедел қызметкерлерімен кездесіп, есірткі қылмыстарын анықтау мен жолын кесудің жедел-іздестіру тактикасын меңгерді. Сондай-ақ бөлімнің материалдық-техникалық базасымен және қызмет барысында пайдаланылатын заманауи арнайы техникалардың жұмысымен танысты.

Бірлескен іс-қимыл жоспарына сәйкес Шу ауданының құмды алқабында өскен жабайы қарасора шабылып, кейін өртеліп жойылды.

Нәтижесінде жалпы аумағы 110 гектарды қамтыған алқаптан 71 тонна жабайы қарасора жойылды.

Полицияның мәліметінше, мұндай іс-шаралар есірткінің заңсыз айналымына тосқауыл қоюға, сондай-ақ есірткі шикізатының өңірден тыс жерлерге тасымалдануына жол бермеуге бағытталған.