Шартты түрде босап шыққан әйел қайтадан адам өлтіріп, 16,5 жылға сотталды

Шартты түрде босап шыққан әйел қайтадан адам өлтіріп, 16,5 жылға сотталды
24.kz

Екібастұзда бір адамды өлтіріп, әйелді өлтіруге оқталған 28 жастағы тұрғын 16 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ult.kz.

Іс материалдарына сәйкес, қанды оқиға 2026 жылғы 9 қаңтарда бірге ішімдік ішіп отырған кезде болған. Отырыс барысында сотталушы мен әйелдердің бірі арасында жанжал туындап, соңы шабуылға ұласқан.

Соттың мәліметінше, алдымен сотталушы әйелге дене жарақатын салған. Артынша пәтерге қайта оралып, ұйықтап жатқан ер адамға пышақпен бірнеше рет соққы жасап, оны өлтірген. Кейін әйелге тағы шабуыл жасағанымен, жәбірленушіге дер кезінде медициналық көмек көрсетілгендіктен, қылмыстық әрекетін соңына дейін жеткізе алмаған.

– Сотталушы пәтерге қайта оралғаннан кейін жәбірленушінің бірге тұратын азаматы өзінен кек алуы мүмкін деп қауіптеніп, оны ұйықтап жатқан кезінде өлтіруге шешім қабылдаған, – деді Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Нұрлан Қайырбеков.

Сот әйелді кісі өлтіру және адам өлтіруге оқталу баптары бойынша кінәлі деп танып, қылмыстар жиынтығымен 16 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды.

Бұған қоса, бұрынғы үкім бойынша өтелмеген жаза мерзімінің бір бөлігі қосылып, түпкілікті жаза тағы алты айға ұзартылды.

Сот мәліметінше, сотталған әйел осыған дейін де сотты болып, өткен жылдың жазында шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған.