Шакира Бішкекті дүр сілкіндірді: 33 елден жанкүйер жиналды

Шакира Бішкекті дүр сілкіндірді: 33 елден жанкүйер жиналды
Instagram/shakira

Әлемдік поп-жұлдыз Шакираның Бішкектегі концерті Қырғызстанның мәдени өміріндегі айтулы оқиғаға айналды. 18 қазанда «Бишкек Арена» стадионында өткен шоуға әлемнің 33 елінен көрермен жиналды. Олардың арасында Қазақстан, Ресей және Өзбекстаннан келген жанкүйерлер де көп болды, деп хабарлайды ult.kz.

Концерт әншінің Las Mujeres Ya No Lloran World Tour атты әлемдік турнесі аясында ұйымдастырылды. Мыңдаған көрермен Шакираның сахнаға шығуын асыға күтіп, оның әлемге әйгілі хиттерін бірге шырқады. Әнші кеш барысында Hips Don’t Lie, Waka Waka және Whenever, Wherever секілді танымал композицияларын орындап, стадионды думанға бөледі.

Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі — Шакираның көрермендермен қырғыз тілінде амандасуы болды.

— Кутман кеч, Бишкек! Кандайсыңар? — деген әншінің сөзі стадиондағы жұрттың ыстық ықыласына ие болды.

Концерт соңында Шакира бішкектіктер мен арнайы келген жанкүйерлерге жылы қабылдауы үшін алғыс айтты.

Шоуға деген сұраныс та жоғары болған. Концерт өтетін күні Қырғызстанның Туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік агенттігінің басшысы Эдуард Кубатов барлық билеттің сатылып кеткенін мәлімдеді.

Әлемдік жұлдыздың Бішкекке келуі мәдени шарамен ғана шектелмей, елдің туристік әлеуетін танытуға да мүмкіндік берді. Бұған дейін Шакираның концертіне байланысты Қырғызстанға шамамен 30 мың шетелдік турист келіп, ел экономикасына 30 миллион АҚШ долларына жуық табыс түсуі мүмкін екені хабарланған болатын.

Осылайша, Бішкектегі концерт Орталық Азияның халықаралық музыкалық шараларды өткізу мүмкіндігін көрсетіп қана қоймай, ірі мәдени оқиғалардың туризм мен экономикаға серпін бере алатынын тағы бір мәрте аңғартты.