Павлодардағы №46 түзеу мекемесіне тыйым салынған затты жеткізу әрекеті әшкереленді. Мекеме қызметкерлері 6679 әскери бөлімінің әскери қызметшілерімен бірлесіп, сәлемдемені тексеру кезінде ұялы телефон тапқан, деп хабарлайды ult.kz.
Тексеру барысында қара түсті батырмалы телефон шай өнімдерінің арасына жасырылғаны анықталды. Құрылғы жұмыс істеп тұрғанымен, ішінде SIM-карта болмаған.
Оқиғаға байланысты сәлемдемені жеткізген әйелге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Қазіргі уақытта материалдар сотқа жолдауға дайындалып жатыр.
Қылмыстық-атқару жүйесі мамандары түзеу мекемелеріне тыйым салынған заттарды жеткізуге жасалған кез келген әрекет заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.