"Қызғаныштан бірге тұратын ер адамын өлтірген": Шымкентте 25 жастағы әйел 10 жылға сотталды

"Қызғаныштан бірге тұратын ер адамын өлтірген": Шымкентте 25 жастағы әйел 10 жылға сотталды
qamshy.kz

Шымкентте 25 жастағы әйел бірге тұратын ер адамын қызғаныштан пышақтап өлтіргені үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ сот марқұмның ата-анасына 20 млн теңге моральдық өтемақы өндіру туралы шешім шығарды, деп хабарлайды ult.kz Криминальный Казахстан telegram арнасына сілтеме жасап.

Іс материалдарына сәйкес, жұп Самал-3 шағынауданындағы жалдамалы үйде тұрған. 20 мамыр күні күндіз олардың арасында өзара қызғаныштан жанжал туындаған.

Жанжал кезінде әйел асүй пышағын алып, ер адамның кеуде тұсына бір рет соққы жасаған. Салдарынан пышақ оның оң жақ өкпесі мен ірі қан тамырларын зақымдаған. Ер адам оқиға орнында көз жұмды.

Әйел сол күні ұсталды. Сараптама оның қылмыс жасаған сәтте өз әрекетінің сипатын түсінгенін және оны басқара алғанын анықтады.

Іс алқабилердің қатысуымен қаралды. Сот әйелді қасақана кісі өлтіргені үшін кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сонымен қатар сотталған әйелден марқұмның ата-анасының пайдасына 20 млн теңге моральдық зиян өтемақысы өндіріледі.