«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы Алматы вагон пайдалану депосының директорының қамауға алынғанын растады, деп хабарлайды ult.kz.
Бұған дейін бірқатар БАҚ-та «Алматы вагон пайдалану депосы» филиалы – «Тасымалдау процесі дирекциясының» басшысы ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Мәліметтерге сәйкес, ол 110 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікпен жұмыс кабинетінде қолға түскен.
ҚТЖ мәліметінше, кәсіпорын директоры 9 сәуірде қылмыстық іс аясында ұсталған. Тергеу оның 2024–2025 жылдар аралығындағы қызмет кезеңін қамтиды. Сот күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне мүлдем төзбеушілік қағидатын ұстанатынын мәлімдеді. Компания тергеу органдарына қажетті ақпарат пен материалдарды ұсынып, істің барлық мән-жайын анықтауға жан-жақты қолдау көрсетіп жатқанын хабарлады.
Сондай-ақ депода ішкі тексеріс басталған. Оның аясында ықтимал заңбұзушылықтардың себептері мен оған жол берген жағдайлар анықталмақ. Тергеу аяқталғанға дейін ҚТЖ өкілдері қосымша түсініктеме бермейтінін жеткізді.
Еске салайық, 28 мамырда Сенат сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша жаңа заңды мақұлдаған еді. Құжатқа сәйкес, енді пара беруді ұсынғаны немесе уәде еткені үшін де жауапкершілік қарастырылған.