Қазақстан Ұлттық банкі «Мифтер, аңыздар, әзіл әлемі» сериясы аясында «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» коллекциялық монетасын айналымға шығарады, деп хабарлайды ult.kz.
Монета 2026 жылғы 2 қыркүйектен бастап Ұлттық банктің интернет-дүкенінде сатылымға шығады.
Коллекциялық монетаның дизайны қазақтың әйгілі «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» дастанының желісімен жасалған. Поэма қазақ фольклорындағы мәңгілік махаббат, адалдық пен өлмес сезімді дәріптейтін құнды мұралардың бірі саналады.
Монета мельхиор қоспасынан (МН 25) жасалған. Дайындау кезінде тампонды баспа технологиясы қолданылған. Массасы – 15 грамм, диаметрі – 33 миллиметр, номиналы – 200 теңге. Таралымы – 7 мың дана.
Монетаның дайындау сапасы – brilliant uncirculated.
Коллекциялық монеталар Қазақстанның бүкіл аумағында белгіленген номиналы бойынша барлық төлем түріне қабылданады. Сондай-ақ оларды елдегі банктерде банк шоттарына есепке алуға, аударуға, ұсақтауға және айырбастауға болады.
Монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалған.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банктің Конституцияға арналған коллекциялық монетаны айналымға шығаратыны хабарланған болатын.