Қостанай командасы бразилиялық джиу-джитсудан өткен халықаралық чемпионатта 19 медаль иеленіп, үздік ондыққа енді. Өңір спортшыларының жетістігі Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуда спорт клубтары, жаттықтырушылар және бизнес өкілдерінің қолдауы маңызды рөл атқаратынын көрсетеді.
9-11 қазан аралығында Қазан қаласында бразилиялық джиу-джитсудан әлем чемпионаты өтті. Оған 51 команда қатысты. Қазақстан атынан жарысқа Қостанайдағы Vershina спорт клубының тәрбиеленушілері де қатысты. Турнир қорытындысы бойынша команда жеті алтын, бес күміс және жеті қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте сегізінші орынға ие болды.
Қостанайлық спортшылардың халықаралық турнирге қатысуына қазақстандық Allur автомобиль компаниясы қолдау көрсетті. Өндірістік кешені Қостанайда орналасқан кәсіпорын командаға Қазанға бару үшін автобус бөлді. Бұл қолдау клубтың халықаралық жарысқа қатысуына байланысты ұйымдастыру мәселелерінің бірін шешуге мүмкіндік берді.
«Әр жеңістің артында үлкен еңбек, айлар бойғы жаттығу, тәртіп пен үздік болуға деген ұмтылыс тұрады. Allur компаниясында біз мұны жақсы түсінеміз, өйткені нәтижеге жету үшін қаншама күш-жігер қажет екенін білеміз. Біз үшін Қостанайдағы спорттық бастамаларды қолдап, балаларымыздың өз әлеуетін ашуына көмектесу маңызды. Vershina командасының жетістіктеріне шын жүректен мақтанамыз және спортшыларға жаңа жеңістер тілейміз», – деді Allur зауытының атқарушы директоры Арғұлан Майқонов.
Команда құрамында алты жастағы балалардан бастап ардагерлерге дейінгі әртүрлі жас санатындағы 17 спортшы өнер көрсетті. Бұл клуб үшін осындай деңгейдегі халықаралық жарысқа қатысқан алғашқы тәжірибе болды.
Клуб өкілдерінің арасында ерекше көзге түскен спортшылар да бар. Әлихан Абдиров Gi және No-Gi санаттарында екі алтын медаль жеңіп алды. Егор Малыгин де екі алтын медаль иеленді. Әмір Тлемис Ингушетиядан келген атақты қарсыласын жеңді. Ал бұған дейін әлем чемпионы атанған Мұратбек Қайрекен бұл жолы команда қоржынына қола медаль салды.
Жарыстағы табысты нәтижеге жаз айларынан басталған ұзақ дайындықтың арқасында қол жеткізілді. Дайындықтың маңызды кезеңдерінің бірі Ыстанбұлда өткен грэпплингтен Еуропа чемпионаты болды. Онда қостанайлық спортшылар бес алтын, төрт күміс және екі қола медаль жеңіп алды. Команда 75 ұжымның арасында алтыншы орынға тұрақтады.


Қазақстанда өңірлердегі спортты дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналып келеді. ҚР Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, елімізде 1,8 миллионға жуық бала мен жасөспірім дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысады. Бұл олардың жалпы санының 34,6 пайызына тең. 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 45 пайызға жеткізу жоспарланған.
2026 жылы елімізде балалар спортын қолдауға бағытталған жаңа шаралар да қабылданды. Атап айтқанда, балалар-жасөспірімдер спорт мектептерін қаржыландырудың жаңа моделі енгізіліп, бір тәрбиеленушіні даярлауға жұмсалатын шығынды арттыру көзделді. 2026-2028 жылдары балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға 74 миллиард теңге қарастырылған.
Мемлекеттік бағдарламалармен қатар, өңірлік спорт клубтары мен жеке бастамалар да спорттық ортаны дамытуда маңызды рөл атқарады. Олар балалар мен жасөспірімдердің тұрақты жаттығуына, кәсіби даярлығына және шетелдегі жарыстарға қатысуына жағдай жасайды. Бизнестің қолдауы халықаралық турнирлерге баруға байланысты ұйымдастыру мәселелерін шешуге көмектеседі.
Қостанайдағы Vershina клубының жетекшісі – Алмат Джунусов. Спортшыларды Расул Ибрагимов пен Қуаныш Әбілов жаттықтырады.
Команда мұнымен тоқтап қалмақ емес. Қараша айында қостанайлық спортшылар Әбу-Дабиде өтетін джиу-джитсудан әлем чемпионатына және Бакуде ұйымдастырылатын грэпплингтен әлем чемпионатына қатысуды жоспарлап отыр.