Қостанай облысының Жітіқара қаласында әйелі мен жасөспірім өгей ұлына пышақ жұмсаған ер адамға сот үкімі шықты. Жасөспірім алған жарақатынан көз жұмған, деп хабарлайды ult.kz.
Сотталушыға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлігі, 99-бабы 1-бөлігі және 99-бабы 2-бөлігінің 10, 13 және 14-тармақтары бойынша айып тағылған.
Оқиға биыл сәуір айында болған. Сот материалдарына сәйкес, ер адам әйелімен жанжалдасып, оған пышақ сұққан. Осы сәтте жасөспірім өгей әкесін тоқтатуға әрекет жасаған. Алайда ер адам оның кеуде тұсына пышақ сұғып, ауыр жарақат салған. Жасөспірім оқиға орнында қаза тапқан.
Осыдан кейін сотталушы әйеліне қайта шабуыл жасаған. Алайда әйелді оның ағасы құтқарып қалған.
Мемлекеттік айыптаушы соттан ер адамды 22 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал жәбірленушілер сотталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды талап етті.
Сот барысында ер адам кінәсін мойындап, жәбірленушілерден кешірім сұраған. Сондай-ақ қылмыс кезінде оның мас болғаны анықталды.
Сот үкімімен ер адам 23 жылға бас бостандығынан айырылды.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.