Павлодар облысында студенттер мен ірі кәсіпорын қызметкерлерінен ақша бопсалады деген күдікке ілінген топ ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.
Арнайы операцияны Павлодар облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлері бірлесіп жүргізді. Нәтижесінде Ақсу және Екібастұз қалаларында бірнеше рет бопсалау әрекетін жасады деген күдікке ілінген адамдар қолға түсті.
Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктілер жәбірленушілерді қорқытып, олардан жүйелі түрде ақша талап еткен. Зардап шеккендердің арасында студенттер мен ірі өндіріс орындарының қызметкерлері болған.
Тінту барысында күдіктілерден қолма-қол ақша, ұялы телефондар, банк карталары, құжаттар және қылмыстық іске қатысты өзге де айғақтар тәркіленді. Сондай-ақ олар пайдаланған көліктер айып тұрағына қойылды.
Павлодар облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасарының айтуынша, бопсалау деректері бойынша қылмыстық іс қозғалған. Полиция бөлімшесіне 10 адам жеткізіліп, олардың төртеуі сот санкциясымен қамауға алынған. Қазіргі уақытта күдіктілердің осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.