ҚМА атын жамылған алаяқтар 15 млн теңге алмақ болған

ҚМА атын жамылған алаяқтар 15 млн теңге алмақ болған
ашық дереккөз

Түркістан облысында өздерін Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері ретінде таныстырып, медицина ұйымының басшысынан 15 млн теңге талап еткен екі адам ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.

ҚМА мәліметінше, алаяқтар медициналық мекемеде «заңбұзушылықтар анықталғанын» айтып, басшыны қылмыстық жауапкершілікке тартамыз деп қорқытқан. Сонымен қатар ақша берсе, жауапкершіліктен құтқарамыз деп уәде еткен.

Олар бастапқыда 5 млн теңге алған, кейін қалған 10 млн теңгені беруді талап еткен.

8 тамызда күдіктілерді Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері ҚМА Өзіндік қауіпсіздік департаментімен бірлесіп, ақша алып жатқан жерінде ұстады.

Сот күдіктілерді қамауда ұстауға санкция берді. Қазір тергеу жалғасып жатыр.

ҚМА азаматтарды алаяқтардың мұндай әрекеттерінен сақ болуға шақырды. «Жауапкершілікке тартамыз» деп қорқытып немесе жазадан құтқаруға уәде беріп, ақша талап ету — заңсыз.

Мұндай фактілер туралы ҚМА-ның 1458 Call-орталығына дереу хабарлау қажет.

Агенттік азаматтарды қаржылық мониторинг органдарына шақыру тек сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде және заңда белгіленген тәртіппен рәсімделген ресми шақыру қағазы арқылы жүзеге асатынын еске салды.