Қазақстанның бірнеше өңірінде 9 қазанда қолайсыз ауа райы күтіледі. Шығыс Қазақстан облысында қатты жауын-шашын болжанса, бірқатар аймақта жел күшейіп, тұман түседі. Сонымен қатар еліміздің бірнеше өңірінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады, деп хабарлайды ult.kz.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысында жаңбыр жауып, таулы аудандарда кей уақытта қатты жауын-шашын, оның ішінде жаңбыр мен қар күтіледі. Облыстың солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні секундына 25 метрге дейін жетуі мүмкін. Өскеменде де желдің екпіні 15-20 м/с болады.
Абай облысында да оңтүстік-батыстан және батыстан соғатын жел күшейеді. Өңірдің солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде жел екпіні 25 м/с-қа дейін жетуі ықтимал. Семейде күндіз желдің екпіні 15-20 м/с болады.
Павлодар облысында күндіз батыстан соғатын желдің екпіні 23-28 м/с-қа дейін күшейеді. Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Қарағанды облыстарының жекелеген аудандарында түнде және таңертең тұман түседі. Бұл өңірлерде желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетеді. Солтүстік Қазақстан облысының шығысы мен оңтүстігінде жел екпіні кей уақытта 25 м/с болуы мүмкін.
Жетісу облысында оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні күндіз кей уақыттарда 23-28 м/с-қа дейін жетеді. Жамбыл облысының таулы аудандарында тұман күтіледі, ал желдің екпіні 15-20 м/с болады. Ұлытау облысының солтүстігі мен шығысында түнде және таңертең тұман түсіп, күндіз шығысында жел күшейеді.
Бірқатар өңірде өрт қаупі жоғары
Метеорологтер еліміздің бірнеше облысында өрт қаупінің жоғары деңгейі сақталатынын ескертті.
Қостанай облысының оңтүстігінде, Ақтөбе облысының шығысында, Батыс Қазақстан облысының батысында, оңтүстігінде және шығысында жоғары өрт қаупі болжанады. Ақтөбе облысының батысында, оңтүстігінде және орталығында, сондай-ақ Ұлытау облысының батысында, орталығында және оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады.
Атырау облысында жоғары өрт қаупі болса, оңтүстігінде төтенше деңгей күтіледі. Маңғыстау облысының орталығында жоғары өрт қаупі сақталады.
Ең ұзақ мерзімді ескерту Қызылорда облысына қатысты. Мұнда 9-11 қазан аралығында төтенше өрт қаупі сақталады. Облыстың солтүстігі мен орталығында жоғары өрт қаупі болжанған.
Мамандар тұрғындарды ауа райының өзгеруін ескеріп, қатты жел кезінде сақтық шараларын ұстануға және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға шақырады.