Қазақстанның бірқатар өңірінде жаңбыр жауып, жел күшейеді

Қазақстанның бірқатар өңірінде жаңбыр жауып, жел күшейеді
Ашық дереккөзден

Бүгін еліміздің бірнеше өңірінде қолайсыз ауа райы сақталады. Синоптиктер жаңбыр, қатты жел және тұманға байланысты дауылды ескерту жариялады, деп хабарлайды ult.kz.

Болжам бойынша, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының солтүстігінде, сондай-ақ Алматы облысының таулы аудандарында жаңбыр жауады. Сонымен қатар Ақмола облысының солтүстігінде, Қостанай облысының орталығында, Павлодар облысының солтүстік-батысында, Маңғыстау облысының солтүстік-батысында және Жетісу облысының таулы аудандарында әлсіз жауын-шашын күтіледі.

Желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін күшейеді. Қатты жел Қостанай облысының солтүстігі мен орталығында, Солтүстік Қазақстан облысының шығысы мен солтүстік-шығысында, Ақмола облысының солтүстік-шығысында, Павлодар облысының солтүстігінде, Жетісу және Алматы облыстарының шекарасындағы Қапшағай су қоймасы ауданында, сондай-ақ Атырау облысының жекелеген аудандарында және Маңғыстау облысының батысы мен солтүстік-батысында күтіледі.

Бұдан бөлек, Шығыс Қазақстан облысының таулы аудандарында кей жерлерде тұман түсуі мүмкін.

Осыған байланысты мамандар тұрғындарға ауа райының қолайсыз жағдайларын ескеріп, жолға шығарда сақтық шараларын сақтауға және ресми ескертулерді назардан тыс қалдырмауға кеңес береді.