Қазақстанға Лаос Президенті алғаш рет мемлекеттік сапармен келді

Қазақстанға Лаос Президенті алғаш рет мемлекеттік сапармен келді
Ақорда

Астанада Лаос Президенті Тхонглун Сисулитті ресми қарсы алу рәсімі өтті. Ол Қазақстанға алғаш рет мемлекеттік сапармен келді, деп хабарлайды ult.kz.

Тәуелсіздік сарайында Лаос Президентін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды. Екі ел басшылары ресми делегация мүшелерін таныстырып, Құрмет қарауылының рапортын қабылдады. Содан кейін Қазақстан мен Лаостың мемлекеттік әнұрандары орындалды.

Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тхонглун Сисулит шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Президент Лаос басшысының Қазақстанға алғашқы сапарын тарихи оқиға деп атады. Оның айтуынша, келесі жылы Қазақстан мен Лаос арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толады.

«Елдеріміздің қарым-қатынасы достық сипатқа ие. Екі мемлекет халықаралық аренада, ең алдымен, БҰҰ аясында тығыз жұмыс істеп отыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Лаосты Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктесі деп санайтынын атап өтті. Сондай-ақ Лаос экономикасының соңғы жылдары тұрақты өсіп келе жатқанын айтып, энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және туризм салаларындағы жетістіктеріне тоқталды.

Өз кезегінде Тхонглун Сисулит Қазақстанға сапармен келуге шақырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді.

Лаос Президенті Қазақстанның дамуына және елде жүргізіліп жатқан өзгерістерге жоғары баға беріп, бұл сапар екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.

Келіссөздер барысында екі ел арасындағы ынтымақтастықтың перспективті бағыттары талқыланып, алдағы ортақ жұмыстың басымдықтары айқындалды.