Қазақстандық әйел Түркияда зорлық көріп, тоналғанын айтты: күдікті қамауға алынды

Қазақстандық әйел Түркияда зорлық көріп, тоналғанын айтты: күдікті қамауға алынды
Ашық дереккөзден

Түркияның Аланья қаласында демалып жүрген Қазақстан азаматшасы өзіне жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасалып, ұялы телефонының тоналғанын мәлімдеді. Бұл туралы 31-арнаның «Информбюро» бағдарламасы хабарлады, деп хабарлайды ult.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, 16 шілдеге қараған түні әйел күдіктімен танысып, кейін екеуі бірге қонақүйге барған. Біраз уақыттан соң ер адам қонақүйден шығып кеткен.

Осыдан кейін қазақстандық әйел жедел қызметке хабарласып, жаңа танысы өзіне жыныстық сипаттағы зорлық көрсетіп, ұялы телефонын тартып алғанын айтқан.

Жәбірленушінің арызынан кейін Аланья қалалық полициясы жедел іздестіру шараларын жүргізіп, Сирияның 24 жастағы азаматын күдікті ретінде ұстады. Ол аудармашының қатысуымен жауап беріп, кейін сотқа жеткізілген.

Соттың шешімімен күдікті тергеу аяқталғанға дейін қамауға алынды.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі әзірге бұл оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.