Қазақстанда ұл балалар қыздарға қарағанда көп

Қазақстанда ұл балалар қыздарға қарағанда көп
Ақорда

Қазақстанда 2026 жылдың басындағы жағдай бойынша 0-17 жас аралығындағы 6,9 миллион бала тұрады. Бұл ел халқының жалпы санының 33,6 пайызын құрайды, деп хабарлайды ult.kz.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, балалардың басым бөлігі қалада тұрады. Атап айтқанда, олардың 62,3 пайызы қалалық жерлерде, ал 37,7 пайызы ауылдық елді мекендерде өмір сүреді.

Гендерлік құрам бойынша ұл балалардың үлесі 51,4 пайыз болса, қыз балалардың үлесі 48,6 пайызды құрайды.

Статистикаға сәйкес, балалар саны ең көп өңірлер қатарында Түркістан облысы көш бастап тұр. Өңірде 910,4 мың бала тұрады, бұл республикадағы барлық балалардың 13,2 пайызына тең. Екінші орында 688,9 мың баламен Алматы қаласы (10%), ал үшінші орында 572,3 мың баламен Алматы облысы (8,3%) орналасқан.

Ұлттық статистика бюросы соңғы бес жылда Қазақстандағы балалар саны 4,4 пайызға артқанын атап өтті.

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай жарияланған мәліметтер елімізде әрбір үшінші тұрғынның бала екенін көрсетіп отыр. Сарапшылардың пікірінше, бұл көрсеткіш білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау жүйелерін дамытудағы жауапкершіліктің маңызын арттыра түседі.