Қазақстанда білікті мамандарға деген сұраныс жоғары деңгейде сақталып отыр. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сәйкес, елдегі кадр тапшылығы әсіресе денсаулық сақтау, өнеркәсіп, IT және техникалық салаларда айқын байқалады, деп хабарлайды ult.kz.
Денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығы
Қазіргі уақытта ең жоғары сұранысқа ие салалардың бірі – медицина. Ресми статистикаға сәйкес, бос жұмыс орындары мен кандидаттардың арақатынасында үлкен алшақтық бар:
- Акушер-гинекологтар: 469 бос орнына – небәрі 100 түйіндеме;
- Педиатрлар: 448 бос орнына – 139 түйіндеме;
- Анестезиолог-реаниматологтар: 300 бос орнына – 75 түйіндеме.
Бұдан бөлек онколог, неонатолог және эндокринолог мамандарына да сұраныс жоғары.
Жұмысшы және инженерлік мамандықтардың маңызы
Өнеркәсіптің, инфрақұрылымның дамуы мен кәсіпорындарды жаңғырту техникалық мамандарға деген қажеттілікті арттырды. Еңбек нарығында білікті электриктер, механиктер, слесарьлар, дәнекерлеушілер, машинистер, құрылысшылар мен жүргізушілер жетіспейді. Сонымен қатар өндірістік процестерді автоматтандыру жөніндегі мамандар мен инженерлерге сұраныс артып келеді.
Сандық технологиялар саласында да бәсекелестік жоғары: бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеушілер мен ЖИ (жасанды интеллект) құралдарын меңгерген IT-мамандар тапшы.
2035 жылға дейінгі болжам және жаңа мүмкіндіктер
Ұзақ мерзімді болжамға сүйенсек, 2035 жылға дейін Қазақстан экономикасына 2,9 миллион маман қажет болады. Бұл сұраныстың жартысынан астамы дәл осы жұмысшы кәсіптеріне тиесілі.
Сұранысқа сай кадрларды даярлау үшін мемлекет бірқатар шараларды қолға алуда:
- Сұранысқа ие мамандықтар тізімі кеңейді: 2026 жылы бұл тізім 51-ден 174-ке дейін артты. Оған биотехнология, инженерия, жасыл және атом энергетикасы бағыттары енгізілді.
- Дуальды оқыту жүйесі: Бүгінде 552 колледждің 138 мың студенті дуальды білім алуда. Оған 11 мыңға жуық кәсіпорын қатысады.
- Нысаналы тапсырыс: 43 мың студент жұмыс берушілердің тікелей тапсырысы бойынша оқып жатыр.
Сарапшылардың айтуынша, еңбек нарығындағы мәселе кадрлардың жалпы жетіспеушілігінен емес, бар біліктіліктің экономика талаптарына сәйкес келмеуінен туындап отыр. Осыған байланысты қысқа мерзімді қайта даярлау бағдарламалары мен практикалық дағдыларды дамытуға басымдық берілуде.