Ұлттық қауіпсіздік комитеті заңсыз көші-қонға қарсы іс-шаралар барысында Қазақстанның көші-қон заңнамасын бұзған Қытайдың 13 азаматын анықтап, ұстады. 2026 жылғы 16 қазанда олар әкімшілік тәртіппен ел аумағынан шығарылып, әрі қарайғы тергеп-тексеру үшін Қытайдың уәкілетті органдарына тапсырылды, деп хабарлайды ult.kz.
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлағандай, тексеру кезінде шетелдіктердің Қазақстан аумағында халықаралық интернет-алаяқтықтың жасырын схемасын ұйымдастырғаны анықталған. Олардан көптеген компьютерлік техника, ұялы телефондар, Starlink спутниктік интернет жабдықтары және криптоәмияндарда сақталған қомақты қаражат табылған.
Тергеу дерегіне сәйкес, топтың әрекеті Қазақстан резиденттері болып табылмайтын өзге елдердің азаматтарына қарсы бағытталған. Заңсыз әрекеттер шетелден үйлестіріліп отырған.
Осыған байланысты тексеру Қытай Халық Республикасының Қоғамдық қауіпсіздік министрлігімен бірлесіп жүргізілген. Нәтижесінде ұсталғандардың кейбірі өз елінде осыған ұқсас әрекеттері үшін халықаралық іздеуде жүргені анықталған.
Айта кетейік, бұған дейін Астанаға алаяқтық жасады деген күдікпен халықаралық іздеуде жүрген адам жеткізілген болатын.