Қазақстан шекарашылары құны жарты миллиард теңгеге жуық вейп өнімдерін ел аумағына заңсыз әкелу әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиға 29 маусым күні ҰҚК Шекара қызметінің Қостанай облысы бойынша департаментіне қарасты «Қайрақ» автомобиль өткізу пунктінде тіркелген. Тексеру барысында жүк көлігінің тіркемесіндегі өзге тауарлардың арасына жасырылған 27 624 дана вейп анықталды.
Алдын ала есеп бойынша, тәркіленген өнімнің жалпы құны шамамен 500 миллион теңгені құрайды.
Аталған факті бойынша жиналған материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін құзырлы органдардың қарауына жолданды.
Еске сала кетейік, Қазақстан заңнамасына сәйкес шегілмейтін темекі бұйымдарын, электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді), сондай-ақ оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды елге әкелуге, өндіруге және сатуға тыйым салынған.