Freedom Inside '26

Қазақстан Қытай мен Қырғызстанға жаңа халықаралық рейстерді іске қосты

Қазақстан Қытай мен Қырғызстанға жаңа халықаралық рейстерді іске қосты
istockphoto.com

Қазақстан Қытай мен Қырғызстан бағытындағы халықаралық әуе қатынасын кеңейтіп, жаңа тұрақты рейстерді іске қосты, деп хабарлайды ult.kz.

ҚР Көлік министрлігінің мәліметінше, халықаралық маршруттық желіні дамыту аясында қазақстандық FlyArystan әуе компаниясы Ақтау – Үрімші және Астана – Ыстықкөл бағыттары бойынша тұрақты рейстерді жүзеге асыра бастады.

26 маусымнан бастап Ақтау – Үрімші бағыты бойынша ұшақтар аптасына екі рет – сейсенбі және жұма күндері Airbus A320 әуе кемелерімен қатынайды.

Ал 3 шілдеден бастап Астана – Ыстықкөл бағыты бойынша да тұрақты рейстер ашылды. Бұл бағыттағы ұшулар аптасына екі рет – дүйсенбі және жұма күндері Airbus A320 ұшақтарымен орындалады.

Министрлік жаңа халықаралық бағыттардың іске қосылуы Қазақстанның Қытай және Қырғызстанмен сауда-экономикалық, туристік, іскерлік және гуманитарлық байланыстарын нығайтуға ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар бұл шешім қазақстандық жолаушылар үшін халықаралық сапарлардың қолжетімділігін арттырып, өңірлік көлік байланысын дамытуға мүмкіндік береді.