Qarmet компаниясында қызметкерлерді салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Көпжылдық адал еңбегі мен өнеркәсіптің дамуына қосқан үлесі үшін кәсіпорын жұмысшылары «Еңбек даңқы» III дәрежелі төсбелгісімен, сондай-ақ Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарымен марапатталды. Салтанатты шараны Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев ашты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өндірісті жаңғырту, бәсекеге қабілетті өнім көлемін арттыру және жаңа технологияларды енгізу бойынша нақты міндеттер қойды. Саланың әрі қарай дамуы кәсіби кадрларсыз мүмкін емес. Сіздердің жанқиярлық еңбектеріңіз, жоғары жауапкершіліктеріңіз бен мамандыққа деген адалдықтарыңыз – барлық жетістіктің негізі», – деп атап өтті министр.

«Еңбек даңқы» төсбелгісі – саланың маңызды марапаттарының бірі. Ол көпжылдық адал еңбек, жоғары өндірістік көрсеткіштер және Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға қосқан елеулі үлес үшін беріледі. Министр сондай-ақ қазақстандық металлургияның стратегиялық маңызын ерекше атап өтті. Бұл салада 200 мыңнан астам адам еңбек етеді және ел экономикасының 8 пайыздан астамын қалыптастырады.
Жоғары марапаттарға кен-металлургия саласының дамуына жылдар бойы сүбелі үлес қосып келе жатқан жұмысшы және инженерлік-техникалық мамандық иелері ие болды. Олардың қатарында домна пештерінің горновойлары, агломератшылар, өндірістік учаскелердің бригадирлері, машинистер, инженерлер және өзге де мамандар бар.

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысов металлургтердің күнделікті еңбегі өңір мен елдің индустриялық дамуының негізі екенін атап өтті.

«Дәл сіздердің еңбектеріңіз өңір мен тұтас ел экономикасының берік негізін қалайды. Бүгінде Qarmet жаңа даму кезеңіне қадам басты. Кәсіпорында ауқымды жаңғырту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Металлург еңбегі даңғаза сөзді қажет етпейді, оның нәтижесі өндірілген металл тоннасы, қабылданған шешімдердің дәлдігі және жауапкершілікпен өлшенеді. Жас мамандарға арнайы үндеу жасағым келеді: тәжірибелі әріптестеріңізден үйреніңіздер, кәсіпорынның еңбек дәстүрлерін құрметтеңіздер, кәсіби білімдеріңіз бен дағдыларыңызды үнемі жетілдіріп отырыңыздар. Ең бастысы – өндірісте қауіпсіздік әрдайым бірінші орында болуы тиіс. Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық және еңбектеріңізге табыс тілеймін. Әрбір жетістігіміз ел дамуына қосылған маңызды үлеске айнала берсін!», – деді Ермек Алпысов.
Металлургтердің «Жақтау» кәсіподағының төрағасы Виктор Щетинин де құттықтау сөз сөйлеп, еңбек ұжымын қолдау және қызметкерлермен ашық диалогты дамыту бірлескен жұмыстың басты бағыттарының бірі екенін атап өтті.

«Біз үшін ең маңыздысы – адамдарды тыңдау, олардың ұсыныстарын ескеру және өндірістің тұрақтылығы мен әрбір қызметкердің әл-ауқатына әсер ететін мәселелерді бірлесе шешу. Бүгін баршаңызға адал еңбектеріңіз, кәсібиліктеріңіз және кәсіпорынның дамуына қосқан зор үлестеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Сіздердің еңбектеріңіз ең жоғары құрметке лайық. Сіздерге және отбасыларыңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін. Комбинатымызға тұрақты әрі қауіпсіз жұмыс, жаңа жетістіктер мен сенімді даму тілеймін. Кәсіпорнымыз бен туған қаламыздың болашағы жарқын болсын! Мереке құтты болсын!», – деді Виктор Щетинин.
Марапат иелерінің бірі – құбырэлектрдәнекерлеу цехының ауысым шебері Ардақ Нұралыұлы Сағадиев. Ол еңбек жолын кәсіпорында 18 жасында бастап, қарапайым жұмысшыдан өндірістік ауысым басшысына дейінгі жолдан өтті.

«Кәсіпорында 18 жасымнан бері жұмыс істеймін. Алғашында шлифовщик болдым, кейін бригадир қызметін атқардым. Одан соң технолог-оператор болып ауысып, ауысыммен жұмыс істедім. Бұл кәсіпорын менің өмірімнің маңызды бөлігіне айналды. Бүгін алғаш рет осындай жоғары марапатқа ие болып отырмын. Әсер керемет. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе және еңбегімнің мойындалуы. Компанияға осындай жоғары баға бергені үшін алғысым шексіз», – деді ол.
Марапатталғандардың қатарында Qarmet металлургиялық комбинатының теміржол көлігі басқармасының жол жөндеушісі Салтанат Сүлейменова да бар.

«Осындай жоғары марапат алу өте қуанышты. Әріптестерім үшін де қуаныштымын. Сөзбен жеткізу қиын – эмоция өте көп. Еңбегіңнің бағаланғаны – үлкен бақыт. Барша әріптестерімді Металлург күнімен құттықтаймын. Ең бастысы – бәріміз аман-есен болайық!», – деді ол.
Марапаттау рәсімі Металлург күніне арналған мерекелік іс-шаралардың маңызды бөлігіне айналып, тағы бір мәрте басты қағиданы айқындады: Ол - Qarmet жетістіктерінің негізінде адамдар тұрғаны. Олардың тәжірибесі, кәсібилігі және өз ісіне деген адалдығы кәсіпорынның сенімді дамуына, еңбек дәстүрлерінің сақталуына және жаңа өндірістік белестердің бағындырылуына жол ашады.