Қарағандыда қонаққа барып, 2 млн теңгенің алтынын ұрлаған күдікті ұсталды

Қарағандыда қонаққа барып, 2 млн теңгенің алтынын ұрлаған күдікті ұсталды
pixabay

Қарағандыда полицейлер 2 миллион теңгеден астам сомаға алтын әшекейлерді ұрлады деген күдікпен 37 жастағы ер адамды ұстады, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, оқиға қала тұрғынының түскі үзілістен кейін үйіне оралған сәтінде белгілі болған. 38 жастағы әйел алтын бұйымдарының жоғалғанын байқап, бірден полицияға арызданған. Алдын ала есеп бойынша келтірілген шығын көлемі 2 миллион теңгеден асады.

Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 37 жастағы қала тұрғынын анықтады. Тергеу мәліметінше, күдікті ұрлық жасалар алдында жәбірленушінің үйінде қонақта болған.

Ново-Майқұдық полиция бөлімінің қызметкерлері күдіктіні қолға түсірді. Тергеу барысында ол кінәсін толық мойындаған. Ұрланған алтын бұйымдардың барлығы тәркіленіп, заттай айғақ ретінде іс материалдарына тіркелді.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Осыған байланысты полиция азаматтарды бағалы заттарды қараусыз қалдырмауға, үйге бөгде адамдарды кіргізуде сақ болуға және күмәнді жағдай туындаған жағдайда бірден құқық қорғау органдарына хабарласуға шақырды.