«Қақпаны қиратып, көлік дөңгелегін теседі»: Алматыда пышақ ұстаған ер адам ұсталды

«Қақпаны қиратып, көлік дөңгелегін теседі»: Алматыда пышақ ұстаған ер адам ұсталды
pixabay.com

Алматының Бостандық ауданында көшеде қолына пышақ ұстаған ер адам ұсталды. Тұрғындар оның әрекетіне алаңдап, әлеуметтік желі арқылы мемлекеттік органдардан шара қабылдауды сұраған, деп хабарлайды ult.kz.

Әлеуметтік желіде тараған жазбада тұрғындардың бірі ер адамның бұған дейін де аудан тұрғындарына қиындық туғызғанын айтқан. Оның сөзінше, ер адам қақпалар мен көліктерді зақымдап, көлік дөңгелектерін тескен. Сондай-ақ видеода оның жол жөндеп жүрген жұмысшыларға қарай барғаны көрсетілген.

Тұрғындар ер адамның қыста да тиісті күтімсіз өмір сүретінін айтып, жағдайға жауапты органдардың назар аударуын сұраған.

Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметінше, 30 тамызда «102» пультіне көшеде пышақ ұстап жүрген ер адам туралы хабарлама түскен.

Оқиға орнына полиция экипажы жіберіліп, ақпарат расталған. Қызметкерлер азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ер адамды ұстаған.

Полиция оның Психикалық денсаулық орталығында есепте тұрғанын анықтады. Кейін ер адам жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылып, мамандандырылған медициналық мекемеге жатқызылды.

Полицияның мәліметінше, оқиға кезінде азаматтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілген.