Қарызын өтемеген бұрынғы иесінен тәркіленген кешенді Эксимбанк қайта сатылымға қойды, деп хабарлайды ult.kz.
Қонаев қаласында, Қапшағай су қоймасының жағалауына жақын орналасқан казино кешені аукционға шығарылды. e-Qazyna.kz платформасындағы мәліметке сәйкес, нысанның ауданы 5 122 шаршы метрден асады. Кешен құрамында казино, мейрамхана, қонақ үй және жер учаскелері бар.
Мүліктің бастапқы бағасы – 1,7 миллиард теңге. Аукцион 21 қазанға белгіленген.
Бұған дейін кешен «Коррида Стиль» ЖШС-не тиесілі болған. 2011–2015 жылдары компания несие алып, казиноны, жер учаскелерін және ойын жабдықтарын кепілге қойған. Қарыз өтелмеген соң, 2019 жылы сот кепіл мүлкін өндіріп алу туралы шешім шығарды.
2025 жылы кешенді 1,2 миллиард теңгеге сатып алуға келісім жасалғанымен, сатып алушы төлемді толық орындамады. Ол тек 1 миллион теңге аударған.
2026 жылғы 15 мамырда казино ғимараты мен оған тиесілі мүлік 1,7 миллиард теңгеден асатын қарызды ішінара өтеу есебінен «Қазақстан Эксимбанкінің» тарату комиссиясына берілді. Енді банк мүлікті аукцион арқылы сатуға тырысып жатыр.
Еске салайық, Эксимбанкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі 2019 жылғы 17 қаңтарда заңды күшіне енген.