Алматыда дипломын көпшілік алдында жыртып тастағандай көрініс жасаған колледж түлегі 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Оның әрекеті әлеуметтік желіде кеңінен тарап, қоғамда қызу талқыланған болатын, деп хабарлайды ult.kz.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға жекеменшік колледждердің бірінде диплом табыстау рәсімінен кейін болған. Бейнежазбада түлек дипломын жыртып жатқандай әсер қалдырған.
Алайда тексеру барысында оның дипломының түпнұсқасы, қосымшасы және оқу орны берген ресми мұқабасы бүлінбегені анықталды. Бейнероликке алдын ала дайындалған диплом мұқабасының көшірмесі пайдаланылған.
Соған қарамастан бейнежазбаның әлеуметтік желілерде кеңінен таралуы және қоғамда түрлі пікір туғызуы полицияның тексеру жүргізуіне негіз болған.
Бұған дейін түлек әлеуметтік желіде жариялаған бейнеүндеуінде бұл әрекеттің пранк екенін айтып, көшірме мұқабаны пайдаланғанын және болған жағдай үшін кешірім сұраған еді.
Дегенмен бұл оны жауапкершіліктен босатпады.
Полицияның хабарлауынша, тексеру қорытындысы бойынша бейнежазба авторы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабының 3-1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі («Ұсақ бұзақылық») негізінде сот шешімімен 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.