Қытайдың Pinduoduo сауда алаңы мен Claude жасанды интеллект көмекшісін әзірлеген америкалық Anthropic компаниясы Қазақстан бюджетіне жалпы 8 млрд теңге төледі, деп хабарлайды ult.kz.
Салықтық әкімшілендіру нәтижесінде Pinduoduo бюджетке 6,8 млрд теңге, яғни шамамен 15,1 млн доллар аударған. Ал Anthropic өткен салық кезеңдері үшін 1,2 млрд теңге, шамамен 2,6 млн доллар төледі. Компания камералдық бақылау нәтижесінде жіберілген хабарламалардың талаптарын орындаған.
Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік интернет алаңдарының салық төлеуін бақылауды жалғастырып жатқанын мәлімдеді. Қазақстанда шетелдік интернет компанияларына қосылған құн салығын төлеу талабы қолданылады. 2026 жылдан бастап оның мөлшерлемесі 16 пайызға дейін өсті.
Сонымен бірге салық талабын орындамаған шетелдік интернет алаңдарының жұмысына шектеу қойылуы мүмкін. Комитет Ұлыбританияда тіркелген Farfetch сауда алаңына камералдық бақылау қорытындысы бойынша хабарлама жіберген. Компания талапты орындамағандықтан, оның интернет-ресурсына Қазақстан аумағында кіру шектелді.
Farfetch арқылы киім, аяқкиім, аксессуарлар және әлемдік брендтердің басқа да тауарлары сатылады. Комитет мұндай шара салық міндеттемесін орындамайтын өзге шетелдік интернет алаңдарына да заңда белгіленген тәртіппен қолданылатынын ескертті.