Оралда аулада иттерді ату тұрғындардың ашуын туғызды: полиция пікір білдірді

Оралда аулада иттерді ату тұрғындардың ашуын туғызды: полиция пікір білдірді
egemen.kz

Орал қаласында аулада жүрген иттердің атылуына байланысты әлеуметтік желіде тараған бейнежазба тұрғындардың наразылығын туғызды. Оқиғаға қатысты Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті түсініктеме берді, деп хабарлайды ult.kz.

Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбада ер адамның аулада жүрген иттерге оқ атқаны көрінеді. Тұрғындардың айтуынша, видеоны балалар түсіріп алған. Оқиға кешкі сағат 20:00 шамасында мектеп маңында болған.

«Ойын алаңында үш мас ер адам тыныш жатқан иттерді атып тастады. Балалар оларды тоқтатуға тырысқанымен, тыңдамаған. Олар барлық итті осылай ататынын айтты», – деп жазды тұрғындардың бірі.

Алайда полицияның мәліметінше, 12 шілде күні «102» арнасына Орал қаласының тұрғынын қаңғыбас ит қауып алғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына учаскелік полиция инспекторы барып, зардап шеккен адамға алғашқы көмек көрсетіліп, ол Орал қалалық көпсалалы ауруханасына жеткізілген.

Ведомствоның хабарлауынша, осыдан кейін жәбірленушінің күйеу баласы өз бастамасымен қараусыз қалған жануарларды аулаумен айналысатын мамандандырылған ұйым қызметкерлерін шақырған.

«Мамандандырылған серіктестік қызметкерлері қараусыз қалған жануарларды аулау жұмыстарын жүргізді. Аталған факті бойынша полиция тиісті материалдарды жинады», – деп мәлімдеді облыстық полиция департаменті.

Полиция қараусыз қалған жануарларды аулау мәселесі жергілікті атқарушы органдар мен мамандандырылған ұйымдардың құзыретіне жататынын атап өтті.