Танымал әнші Сәкен Майғазиев өмірден өткен анасын еске алып, әлеуметтік желіде көпшіліктің жүрегін елжіреткен жазба жариялады. Өнер иесі анасының көзі тірісінде жанында көбірек болмағанына өкінетінін айтып, барша жұртқа үндеу жасады, деп хабарлайды ult.kz.
Әнші Instagram парақшасында анасының өмір жолына тоқталып, оның отбасы үшін жасаған еңбегін ерекше ықыласпен еске алды. Айтуынша, анасы он құрсақ көтеріп, ұл-қыз тәрбиелеп өсірген, немере-шөберелерінің қызығын көрген ардақты жан болған.
«Өлім – хақ. Әрбір тіршілік иесі өлімнің дәмін татады. Алайда, анашым сияқты өнегелі өмір сүріп, ғибратты ғұмыр кешіп, АЛЛА тағаланың бұйырған бес парызын бұлжытпай орындап, ата-ана, ата-ене, адал жардың разылығын алып, он құрсақ көтеріп, Майғазы атамнан тараған төрт ұлдың ұрпақтарының барлығын бауырына басып, емізіп, сосын бейнетінің зейнетін көрген аналардың бірі біздің анамыз», – деп жазды әнші.
Сәкен Майғазиев анасының жанында болуға барынша тырысқанын, қолы босаған сайын ауылға барып, көңілін табуды ойлағанын жеткізді. Алайда жақынынан айырылған соң адамның көңілінде бәрібір өкініш қалатынын жасырмады.
«Бір күн уақытым болса ауылға барып анашымның көңілін табуға қанша тырысып жүрмін десем де, “Неге бұдан да көбірек қасында болмадым” деген өкініш өзегіңді өртейді екен», – деді өнер иесі.
Осы ретте әнші ата-анасы тірі жандарға маңызды үндеу жасап, уақытты кейінге қалдырмай, жақындарының жағдайын жиі сұрап тұруға шақырды.
«Сол үшін анасы бар адамдар, қазір қоңырау шалып, халін біліп, денсаулығына көңіл бөліп қойыңыздар», – деп жазды ол.
Өнер иесі анасының өзіне разы болғанын бірнеше рет естігенін айтып, осы сөздердің қазір жанына медеу болып отырғанын жеткізді.
«Аллаға шүкір, анамның “Балам, саған разымын” деген сөзін бірнеше рет естіген бақытты перзенттердің бірімін. Соның өзі жүрегіме жұбаныш, жаныма медеу», – деді әнші.
Сондай-ақ Сәкен Майғазиев отбасының қайғысына ортақтасып, көңіл айтып жатқан қазақстандықтар мен шетелдегі бауырлас халықтарға алғысын білдірді. Ол анасының ақ жолын жұбайы, қыздары, әпке-қарындастары мен өзге де жақындары жалғастырсын деген тілегін жеткізді.
«Күллі қазақтың анасына айналған ақ мамам, жаныңыз жәннаттың төрінде шалқысын. АЛЛАНЫҢ мейіріміне бөленіп, ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ шапағатында болыңыз», – деп түйіндеді әнші.
Өнер иесінің анасына арналған жазбасы әлеуметтік желіде көпшіліктің назарын аударды. Жарияланым 100 мыңнан астам ұнату белгісін жинап, алты мыңнан астам пікір қалдырылған. Оқырмандар әншіге көңіл айтып, қайғысына ортақтасып жатыр.
Сәкен Майғазиев кім?
Сәкен Майғазиев – қазақстандық танымал әнші, "МузАРТ" тобының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол қазақ эстрадасында өзіндік орны бар өнер иелерінің бірі. Әнші жеке шығармашылығымен қатар, "МузАРТ" тобының құрамында халыққа кеңінен танылды.
Сәкен Қордабайұлы Майғазиев 1975 жылы 1 қаңтарда Түркістан облысының Созақ ауданында дүниеге келген. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші, тележүргізуші және өнер саласының ұстазы. Өнер иесі Қордабай Майғазыұлы мен Ұлтай Мырзамбекқызының көпбалалы отбасында тәрбиеленген. Ол отбасындағы он бір баланың тоғызыншысы. 1993 жылы Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінде білім алған. 1997 жылы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында эстрада әншісі мамандығы бойынша оқуын аяқтаған.
2001 жылдан бастап танымал "МузАРТ" тобының құрамында өнер көрсетіп келеді. Әнші 1998 жылы "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанған. 2013 жылы оған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері құрметті атағы берілді. 2012 жылдан бастап Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде ұстаздық қызмет атқарған. 2018–2020 жылдары Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында проректор болған. 2020 жылдың желтоқсанында Шымкент қалалық мәдениет үйінің басшысы болып тағайындалған. Сәкен Майғазиевтің жұбайы – Динара, олардың Әділет есімді ұлы және Райана мен Мәриям есімді қыздары бар. 2025 жылы әнші 50 жасқа толуына орай Түркістан қаласында шығармашылық концерт өткізген. 2026 жылғы 13 қазанда оның анасы Ұлтай Мырзамбекқызының өмірден өткені белгілі болды.