Нұрсұлтан Назарбаев Атырауға келді

Нұрсұлтан Назарбаев Атырауға келді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапармен Атырау қаласына келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елбасы өңірге сапары аясында макарон, нан өнімдерін, ет консервілерін, ауыз су, арнайы киім-кешек шығаратын "Карат" ЖШС жұмысымен танысып, жылына 2800 мың тонна мұнай мен 170 млн текше метр ілеспе газ өндіретін "Ембімұнайгаз" АҚ-ның жаңа əкімшілік ғимаратымен аралап көреді деп күтілуде.

Мұнан бөлек Қазақстан Президенті "Жігермұнайсервис" ЖШС-нің робот дəнекерлеушіні пайдаланып металл құрылымдарын өндіретін ұйымында болмақ.

Сапар аясында Нұрсұлтан Назарбаев Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің жаңа  студенттер үйін көреді. 450 орынға есептелген 7 қабатты жатақхана құрылысына 1  млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған. Ғимаратта жастардың жайлы өмір сүріп, сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған.

Мемлекет басшысы өңірдегі əлеуметтік маңызы бар нысандарды аралағаннан кейін Атырау облысының əлеуметтік-экономикалық даму мəселелері жөнінде кеңес өткізеді деп күтілуде.