Нұрай Серікбай ісінде тағы бір қылмыстық іс қозғалды

Нұрай Серікбай ісінде тағы бір қылмыстық іс қозғалды
Фото: әлеуметтік желі

Нұрай Серікбайды өлтіру ісі бойынша тергеушінің әрекетіне сотта күмән келтірілген. Шымкент қаласының полиция департаменті бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Centralmedia24.

Бұған дейін сот отырысында қаза тапқан Нұрай Серікбайдың ағасы Сұлтан Серікбай тергеуші Әбілғазы Артықбайдың іс жүргізуіне қатысты бірқатар мәлімет айтқан.

Оның сөзінше, тергеуші Нұрайды алып қашу және тұрмысқа шығуға мәжбүрлеу фактісі бойынша шақыртуға келген кезде Шерхан Аймаханның туыстарымен бірге дастархан басында отырып, шай ішіп, бауырсақ жеген. Сондай-ақ Сұлтан Серікбай тергеуші марқұм әпкесіне қысым көрсеткенін айтқан.

Сотта тергеушінің өзі жауап берген кезде судья оның Нұрай Серікбайды полиция бөлімшесінде видеоға түсіргеніне назар аударған.

Сот мәліметінше, Әбілғазы Артықбай бұл түсірілімді хаттамаға енгізбеген және қыздан жазбаша рұқсат алмаған.

Осыған байланысты Шымкент қаласының полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.

«Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы талаптарына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді», – деп хабарлады полиция департаменті редакция сауалына берген жауабында.

Сотта Әбілғазы Артықбай қазіргі уақытта тергеуші болып жұмыс істемейтінін айтқан.

Нұрай Серікбайдың өлімі

Бұған дейін сот Шерхан Аймаханды үш эпизод бойынша кінәлі деп таныған. Олар:

  • ҚР ҚК 125-1-бабы — «Некеге тұруға мәжбүрлеу»;
  • ҚР ҚК 115-1-бабы — «Сталкинг»;
  • ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы — «Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру».

Сот үкімімен оған жиынтығында 200 сағат қоғамдық жұмыс және өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Қайғылы оқиға 2026 жылғы 12 қаңтарда Шымкентте болған. Нұрай Серікбай пышақ жарақатынан көз жұмды. Туыстарының айтуынша, Шерхан Аймахан қызды ұзақ уақыт бойы аңдыған.

2026 жылғы 30 сәуірде сараптама қорытындысы бойынша Шерхан Аймахан есі дұрыс деп танылған.