Әлеуметтік желіде Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ауруханада жатқандай бейнеленген суреті тарап кетті. Алайда бұл фотоның шынайылығына желі қолданушылары мен фактчекерлер күмән келтірді, деп хабарлайды ult.kz.
Экс-президентке қатысты жарияланым Instagram желісінде бірнеше күн бұрын пайда болған. Суретте Назарбаев аурухана төсегінде, жанында тамшылатқыш пен медициналық құрылғылар тұрғандай көрсетілген.

Бұрынғы мемлекет басшысының қасында дәрігерге ұқсас адам бейнеленген. Суреттің төменгі бөлігінде 2026 жылғы 23 мамыр деген уақыт белгісі де көрсетілген.
Жазба авторы жарияланымда елге қызмет еткен адамға халықтың алғысы мен ақ тілегі ең жоғары марапат екенін жазған. Сондай-ақ денсаулық адамға берілген ең қымбат нығметтердің бірі екенін айтып, үлкен буын өкілдеріне саулық пен ұзақ ғұмыр тілеу халық дәстүрінің маңызды бөлігі екенін атап өткен.
Алайда жазба астындағы пікірлер екіге жарылды. Бір топ қолданушы суреттің жалған екенін бірден жазса, енді бірі экс-президентке қатысты сын пікірлер қалдырған. Ал кейбір желі қолданушылары жазбаны эмоциямен қабылдап, тезірек сауығып кетуін тілеген.
Назарбаевтың ауруханадағы суреті рас па?
Мамандардың айтуынша, аталған суреттің жасанды интеллект арқылы жасалғаны байқалады. Біріншіден, суреттің оң жақ төменгі бұрышында Gemini логотипі көрінеді. Екіншіден, фотода жасанды интеллектке тән белгілер бар: артқы фондағы жазулар анық оқылмайды, кейбір бөлшектер бұрмаланған.
Кейін бұл суреттің шынайы емес екенін Factcheck.kz порталының журналистері де растады.