Navai-дың ұсталуына қатысты Ресей Қазақстанға нота жолдады

Navai-дың ұсталуына қатысты Ресей Қазақстанға нота жолдады
kokrash.com

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі ресейлік рэпер Navai (Наваи Бакиров) ұсталғаннан кейін Ресейдің Алматыдағы бас консулдығынан нота түскенін растады. Дипломаттар музыканттың ұсталу мән-жайы туралы ресми ақпарат сұраған, деп хабарлайды ult.kz.

СІМ мәліметінше, мұндай нота консулдық жұмыстағы қалыпты рәсім саналады. Министрлік Ресей тарапының сауалына байланысты Қазақстанның құқық қорғау органдарына тиісті сұрау жолдайды.

Navai 13 қазанда «Қордай» шекара бекетінде ұсталған. Полицияның хабарлауынша, ол мінген көлікті тексеру кезінде есірткі заты табылып, тәркіленген. Оқиғаға полиция мен шекара қызметінің қызметкерлері бірлесіп қатысқан.

Музыкантқа қатысты есірткі контрабандасы және заңсыз сақтау деректері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Кейін сот оны екі айға қамауға алу туралы шешім шығарған.

Оқиғаға байланысты Қырғызстанның Шекара қызметі де тексеру бастаған. Ведомство әртістің «Ақ-Жол» өткізу пункті арқылы өтуіне қатысты заң бұзушылықтар анықталса, кінәлі лауазымды тұлғаларға тиісті шара қолданылатынын мәлімдеді.

Ұсталу оқиғасы рэпердің концерттік жоспарына да әсер етті. 14 қазанға жоспарланған Астанадағы концерті белгісіз мерзімге ауыстырылды. Ұйымдастырушылар мұны техникалық себептермен түсіндірген. Концерттің ауыстырылуы жанкүйерлер арасында наразылық туғызды.