Жамбыл аудандық соты 10 жылға жуық еңбек еткен мұғалімді заңсыз жұмыстан шығарған мектепке өтемақы төлеуді міндеттеді, деп хабарлайды ult.kz.
Сотта мұғалімнің мектеп-лицейде 2016 жылдан бері ағылшын тілі пәнінен сабақ бергені, ал 2025 жылдан бастап директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарғаны анықталды.
2026 жылдың сәуірінде ол жұмыстан шығарылған. Сот директордың орынбасары ретінде еңбек міндеттерін бұзғаны үшін мұғалімге қатаң сөгіс жарияланғанын және кейін басқа да бұзушылықтар анықталғанын ескерді. Алайда бұл кемшіліктер оның ағылшын тілі мұғалімі ретіндегі жұмысына қатысты болмаған.
Осыған байланысты сот жұмыстан босату туралы бұйрықты ішінара заңсыз деп танып, мұғалімді қызметіне қайта қабылдады.
Мектептен талап қоюшының пайдасына мәжбүрлі бос жүрген уақыты үшін 1,2 млн теңге жалақы, 219 мың теңге сауықтыру жәрдемақысы, 100 мың теңге моральдық зиян және 350 мың теңге өкіл қызметіне ақы өндірілді.
Сот сондай-ақ мектеп басшылығы мен жауапты қызметкерлер жіберген заң бұзушылықтарға байланысты жеке ұйғарым шығарды.
Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.